Халықаралық Қызыл Крест пен Қызыл Ай қозғалысының тарихы 1859 жылдан бастау алады. Қозғалыс швейцариялық кәсіпкер және қоғам қайраткері, XIX ғасырдың ең қантөгісті әрі қатал ұрыстардың бірі Солферино түбіндегі шайқасқа куәгер болған Жан Анри Дюнанның қамқорлығы мен қалауының арқасында пайда болған.
Әскердің медициналық қызметіндегі адамдар саны аз болғандықтан, олар жарақат алғандардың барлығына көмек көрсете алмаған. Көбісі көшеде, шіркеулерде, алаңдарда жатып қалған. Жарақаттанғандардың әлі таусылып, күйзеліске түскен, қатты ауырсынған. Тазалықтың болмауы және көмектің келмеуі олардың азабын күшейте түскен.
Жүрегі кең Дюнан олардың жанынан өтіп кетпей, көмек көрсетуді ұйғарған. Ешқандай медициналық білімі болмаса да, жарақат алғандарға шамасы келгенше таңғыштар тағып, тамақ, су, темекі берген, олармен сөйлескен. Дюнан өз мемлекеті мен қарсыластың әскерін бөліп-жармастан, барлығына бірдей көмек көрсеткен. Бұл Қозғалыстың негізгі қағидаларының біріне (бейтараптық) айналды.
Бұл шайқас соғыс кезінде жарақаттанғандарға көмек көрсететін ерікті медициналық қоғамдар жүйесін құру идеясына түрткі болды. Анри Дюнан «Сольферино түбіндегі шайқас туралы естелік» кітабында өз естеліктерімен және идеяларымен бөліседі. Кітап көп адамдарға қатты әсер еткен. Дюнанға Еуропаның бүкіл аумағынан хаттар келеді. Оның идеялары іс жүзінде орындала бастайды.
Даму тарихы
Женевада шағын Комитет ұйымдастыру. Ұлттық көмек топтарының күш-жігерін біріктіретін халықаралық конференцияға дайындық.
Гуманитарлық көмек
Қозғалыстың тарихын қарастыра отырып, оның небәрі екі жыл ішінде бес адамнан тұратын комитетті құрудан 16 елдің үкіметтерінің халықаралық келісімге қол қоюына дейінгі жолды жүріп өткенін айта кеткіміз келеді, бұл ретте Женева конвенциялары әлі күнге дейін халықаралық құқықтың ең тұрақты келісімдерінің бірі деп есептеледі. Және осының барлығы негізінен бір ғана адамның күш-жігері мен күресінің арқасында орындалды!
Бүгінде Халықаралық Қызыл Крест пен Қызыл Ай қозғалысы 189 ұлттық қоғамды біріктіреді. Бұл бүкіл әлем бойынша бедел мен құрметке ие болған ең ірі гуманитарлық ұйым саналады.
Халықаралық Қозғалыстың эмблемалары
Жарақат алғандарға көмек көрсететін қарулы күштердің медициналық қызметтерінің, еріктілердің және қарулы қақтығыс құрбандарының құқықтық қорғанысын білдіретін бірыңғай айырым белгісін қабылдау Қозғалыстың негізін қалаушылардың алдына қойған алғашқы тапсырмалардың бірі болды.
Қазақ КСР-ның Қызыл Крест қоғамының тарихы
1936 жылы Қазақ КСР-ның түзілуіне байланысты, 1937 жылдың 5 наурызында Қазақ КСР-ның Қызыл Крест қоғамы құрылды. КСРО ыдырап, Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған соң, Қазақ КСР-ның Қызыл Крест қоғамы Қазақстан Республикасының Қызыл Крест пен Қызыл Ай қоғамы деп өзгертілді.
1992 жылдың 17 сәуірінен бастап Қоғам ҚР Президентінің «Қазақ Қызыл Ай мен Қызыл Крест қоғамының қызметі туралы» Жарлығы, сондай-ақ 1949 жылғы Женева конвенциялары негізінде қызмет етеді.
1993 жылдың 31 наурызында Қазақстан Республикасы 1949 жылғы соғыс құрбандарын қорғау туралы Женева конвенцияларына және 1977 жылы оларға арнап жасалған екі Қосымша хаттамаға қосылды.
1993 жылы Қоғамның атауы Қазақстан Республикасының Қызыл Ай мен Қызыл Крест қоғамы түрінде өзгертілді.
2002 жылдың наурызында Қоғам ресми түрде «Қазақстан Республикасының Қызыл Ай қоғамы» жаңа атауы мен Қызыл Ай эмблемасын (2001 жылдың желтоқсанында «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері медициналық қызметінің эмблемасы мен айырым белгісі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының қабылдануына байланысты) қабылдады.
2003 жылдың қарашасында Қазақстан Республикасының Қызыл Ай қоғамы Халықаралық Қызыл Крест комитеті тарапынан танылып, Халықаралық Қызыл Крест пен Қызыл Ай қоғамдары федерациясының мүшесі атанды.